Оның пайымдауынша, пошта қызметі бүгінде тек баспасөз басылымдарын тарататын немесе белгілі бір аймақпен байланысқа шағу үшін пайдаланылатын мекеме болудан қалды. Поштаны қазір негізінен интернетті дамытуға ықпал ететін мекемелердің бірі деуге болады. Поштаны белгілі бір тауарды белгілі бір нүктеге жеткізіп беретін логистика құралы ретінде де қарастыруға болады. «Бұл «Қазпошта» ұлттық операторының болашақта атқаруы тиіс басты міндеттердің бірі болады. Осыған байланысты алдағы жылдары бұл салада да үлкен жаңалықтар болады деген ойдамын», - деді вице-министр.
Сондай-ақ ол сөзінде еліміздегі барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға отандық компьютерлерді сатып алуды ұсынып отырғандығын жеткізді. «Бүгінде рынокта отандық өнім өндірушілер шығарған компьютерлер бар және олар батыстық үлгідегі компьютерлерден әлдеқайда арзан. Нақтырақ айтқанда 70 мың мен 100 мың теңгенің арасында жақсы компьютер сатып алуға болады. Ал ақпараттық жүйелерге келетін болсақ, бұл бағытта да біз отандық өнімдерді сатып алуға ұсыныс жасап отырмыз. Бүгінде елімізде кез-келген жүйені жасап бере алатын бәсекеге қабілетті 30-40 компания бар»,- деді министрдің орынбасары.