Пошта саласы қызметіне Ұлыбританияның озық тәжірибесі енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Пошта туралы» жаңа заң жобасында поштаны пайдаланушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздіін қамтамасыз ету шаралары қарастырылып отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстелде «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлім етті.

Төрағаның айтуынша, заң жобасының басты мақсаты - қолданыстағы заңнаманың олқылықтарын жою, пошта операторлары қызметінің құқықтық негізін қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар, жаңа құжат арқылы пошта қызметін заманауи халықаралық талаптарға сәйкестендіру де көзделген. Бұған байланысты пошта байланысы қызметінің тиімділігін арттырып, сапасын көтеру, пошта саласындағы қауіпсіздік шараларын нығайту қарастырылады.

Бұдан бөлек, «Қазпошта» басшысының айтуына қарағанда, жаңа заң жобасында «гибридті жөнелтілімдерді жеткізу» термині қарастырылып отыр. Бұл жеделдетілген тәртіппен пошталарды адресатқа жеткізуді қамтамасыз етеді.

«Қазіргі таңда Жоғарғы Сот пен «Қазпошта» АҚ бірлесе осындай жүйемен жұмыс жасауда. Ол бойынша сот шақыртулары немесе хабарламалары еліміздің белгілі бір өңірлеріне лезде жеткізіледі. Бұдан басқа, Ұлыбританияның озық тәжірибесі негізінде жаңа пошталық индекстер енгізу жоспарланады. Ондай тетік пошта операторларының өндірістік объектілеріне ғана емес, еліміздің тұрғын үй немесе тұрғын үй емес ғимараттарына да енгізіледі. Бұл пайдаланушылар мекенжайын нақты анықтап, хаттарды сұрыптау үдерісін жеңілдетеді», - дейді Бағдат Мусин.