Пошташының жалақысы республикалық орташа деңгейден 58,1 пайызға төмен

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылы пошташының орташа жалақысы 45 609 теңгені құрады. Бұл республика бойынша жалақының орташа деңгейінен 58,1 пайызға төмен.

Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Комитет төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен жиында «Қазпошта» АҚ бүгінгі жағдайы мен болашағы талқыланған болатын.

«Қазпошта» АҚ төрағасы Асхат Бисенбаевтың айтуынша, компанияның жиынтық құрамындағы персоналдар саны 22 мыңнан асады. «Штаттық кесте төмен және ауылдық елді мекендерге қызмет көрсетуге біздің жұмысшыларымыздың 50 пайызы тартылған. Жалпы, ауылдық жерлерде қызмет көрсету ауқымы біздің пошташыларымыздың толық ставкасын ақтамайтындықтан, ондай мөлшер кейбір өңірлерде 0,1 ставкаға дейін бөлінеді, ал бұл 4 мың теңгелік орташа айлық базалық жалақыға тиесілі болып отыр. Дегенмен, бұны жалақы деп емес, қосымша ақы деген жөн», - дейді А. Бисенбаев.

Оның сөзіне қарағанда, ауылдық елді мекендердегі еңбекақы шығыстары 4,4 млрд. теңгені құрайды. Ал әлеуметтік проблемалар арасында кадр тұрақсыздығы ұлғайып, 23 пайызға жеткен. Бұл да жалақының төмендігіне байланысты.

«Бұл ретте жалақының төмен көрсеткіші қызмет көрсету сапасының төмендігіне де, оператордың құзыреттілігіне де әсер ететіні белгілі. Бұдан бөлек, кейбір ауылдардың даму әлеуетінің төмендігі оларға көрсетілетін қызмет тиімділігіне кері әсер етеді. Сондықтан да, біздің компанияның ауылдағы қызметін жақсартып, оңтайландыру мәселесі өзекті», - дейді Асхат Бисенбаев.

Жалпы, «Қазпошта» АҚ өндірістік персонал қызметкерлерінің жалақысын былтыр 12 пайызға, 2014 жылдың қаңтарынан қосымша 7 пайызға арттырған. Алайда, бұл шараның өзі компания қызметкерлерінің жалақысын республикалық орташа жалақы деңгейіне жақындату мәселесін шеше алмай отыр. Мәселен, 2013 жылы пошташының орташа жалақысының деңгейі 45 609 теңгені құраған, бұл республика бойынша орташа жалақы деңгейінен 58,1 пайызға төмен.