Пойызға соқтығысқан жүк көлігінің жүргізушісі Құлсарыдағы ауруханада жатыр

Фото: Фото: WhatsApp мессенджерінен алынды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Бейнеу-Құлсары учаскесіндегі теміржол өткелінде жүк көлігі мен пойыз соқтығысқан еді. Қазір жүк көлігінің жүргізушісі Құлсары қаласындағы орталық ауруханада жатыр. Бұл деректі Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады.

— КамАЗ жүргізушісі дене жарақаттарымен Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Жүргізушінің кеудесінде жабық, оның ішінде өкпесінде жарақаты бар. Маңдайы мен оң қолының терісі жыртылған. Сол жақ тізе буының жұмсақ тіндері зақымданған, - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен. 

Фото: WhatsApp мессенджерінен алынды

Теміржолдағы апаттан зардап шеккен жүк көлігінің жүргізушісі Ақтөбе облысының Қурайлы ауылында тұратыны анықталған. Оның жасы — 33-те.

Фото: WhatsApp мессенджерінен алынды

«Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға кеше, 23 желтоқсанда болған. 

Фото: WhatsApp мессенджерінен алынды

 — Бейнеу-Құлсары учаскесіндегі теміржол өткелінде жүк көлігі пойызбен соқтығысты. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Автоматты жылжымалы дабыл құрылғылары дұрыс жұмыс істейді. Орын алған оқиғаның себептері анықталады. Оқиғаның алдын-ала себебі — жүргізушінің жол ережесін бұзуы, - деп мәлім еткен еді компанияның баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жол апатының көбеюіне не себеп болатынын жазған едік.