Пойыз билеті бір жылда 20 пайызға қымбаттады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы жылдың қазан айының қорытындысында елімізде темір жол көлігімен жолаушы тасымалдау қызметінің бағасы былтырғымен салыстырғанда 19,6 пайызға қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еnergyprom.kz порталының мәліметінше, қаламаңы пойыз билеті 16,7 пайызға, ал республикаішілік пойыздың плацкарт вагонына билет 20,6, купе вагонында 17,8 пайыз қымбаттады.

Өңірлер арасында бағаның ең жоғары өсімі Шымкент қаласы (бір жылда 56,3%), сондай-ақ Жетісу (45%) және Алматы (32,3%) облыстарында тіркелді.

Ал бағаның ең аз өсімі Ақтөбе (4,9%), Батыс Қазақстан (6,6%), Ұлытау және Павлодар (әрқайсысында 8%) облыстарында байқалды.

Биыл қаңтар-қыркүйекте теміржол көлігімен 14,7 млн жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,6 пайызға артық.

Қыркүйекте жолаушы тасымалы 1,6 млн жолаушыны құрап, бір жыл ішінде 32,7 пайызға өсті.

Пойыз қызметін көбіне елорда тұрғындары пайдаланды: 3,5 мың адам.

Одан кейінгі орында Ақтөбе және Қызылорда облыстары тұр. Ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында тіркелді.