Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Жоғарғы соттың ресми өкілі Оксана Петерс айтып берді.
Ресми өкілдің айтуынша, Қылмыстық іс материалдары бойынша Ж.Юнусалиев атты Қырғызстан азаматы Қазақстан аумағынан өтетін «Бішкек-Мәскеу» бағытындағы жолсерігіне ішіне есірткі жасырылған сөмкені беріп, Ресей астанасына дейін жеткізуге қолғабыс етуді сұрайды. Бұл еңбек үшін жолаушы жолсерікке 6 мың қырғыз сомын төлейтін болады.
«Осы пойызды Жамбыл облысының Меркі стансасында тексерген шекарашылар одан 2 келі 190 грамм гашиш табады. Сондай-ақ шекарашылар пойыздың вагонынан ресейге кетіп бара жатқан азаматты да ұстайды. Екі келіден астам гашиш ірі көлемдегі есірткі болғандықтан, оны тасымалдаушы Ж.Юнусалиев 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскер жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады», - деді ресми өкіл.