Іс материалдарына сәйкес, азаматша А. өзге адаммен алдын ала келісе отырып, Шу қаласынан Астанаға жолаушылар пойызымен екі жол сөмкесімен есірткі заты - гашишті тасымалдаған. Оның жалпы салмағы - 36 келі 188 грамм болған.
«Астана қаласына келісімен теміржол вокзалында оны азамат М. күтіп алып, ымдау арқылы соңынан еруге бұйырған. Одан әрі азаматша А. азамат М.-нің артынан еріп, үйлердің бірінің ауласына келеді. Ол жерде есірткі заттары бар екі сөмке азамат Б.-ның көлігіне тиелген. Сөмкелерде не барынан хабарсыз көлік жүргізушісі оларды алып үйіне аттанады. Сол жерден Астана қаласы бойынша ҰҚКД қызметкерлері ірі көлемдегі есірткі заттары орналасқан екі сөмкені тауып, тәркіледі», - делінген соттың хабарламасында.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әйелді ҚР ҚК-інің 297-бабы 3-бөлігі, 1,3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.