Пойызда босанған әйел сәбиінің есімін дәрігердің құрметіне атады
Сажида Мәлікованы Шымкенттен келген туыстары бүгін перзентханадан шығарып алуға келді.
«Баламыз тұңғыш қызын көруге келе алмады. Ол әскери бөлімде қызмет істейді. Келінімді жүкті кезінде бақылауына алған дәрігердің құрметіне немеремді Саида деп атадық. Сажидаға нәрестесін дүниеге әкелуіне көмектескен пойыз қызметкерлері мен медициналық жұмысшыларға алғысымды бідіремін. Оның бұл кезеңді қиындықсыз өткізгені бәрімізді қуантады», - деді Сажиданың енесі Гүлжамал Шәбілова.
Алматыдағы №4 перзентхана дәрігерлерінің айтуынша, жас анаға барлық медициналық көмек көрсетілген.
Сажида Мәлікова перзентханадан шыққаннан кейін тұрғылықты жері Шымкентке жол тартты. Еске салайық, Сажида 9 шілде күні № 378 «Маңғышлақ-Алматы» пойызында босанып қалған болатын.
Пойыз Шамалған стансасынан жолға шыққан соң әйелді толғағы қыса бастаған. Пойыз бастығы Алматы-1 стансасына жедел жәрдем қызметін шақырған. Қыз баланың дүниеге келуіне екі жолсерік пен жолаушы әйел көмектескен.