Пойызда бұзақылық жасаған жолсерік абақтыдан шыққан бойда жұмысынан босатылады - «Жолаушылар тасымалы» АҚ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2016 жылғы 11 сәуірде «Алматы-Қостанай» пойызында болған оқиғаға байланысты жедел қызметтік тексеріс жүргізілгенін хабарлады.

«Оның нәтижесінде «Алматы-Қостанай» пойызының бастығына қатаң сөгіс жарияланды. Пойыз жолсерігі Қостанай АІІБ уақытша ұстау абақтысынан шыққан бойда  бұзақылығы үшін жұмыстан босатылады. Өз кезегінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ осы қызметкердің бұзақылық қылықтары үшін жолаушылардан кешірім сұрайды», - делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Көліктегі ІІД баспасөз қызметі сілтеме жасалып, 11 сәуірде түнгі сағат 01.55-те «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Солтүстік» өңірлік филиалының 31 жастағы жолсерігі «Алматы-Қостанай» пойызында жұмыс орнында бола тұра, жолаушыларға балағат сөздер айтып, азаматтардың тынышын алғаны, тоқтату-кранын жұлып алғаны хабарланған болатын. Соның салдарынан пойыз 12 минут тұрып қалды.

Көлік полициясы қызметкерлері жолсерік үстінен ҚР ӘҚтК 440-бабы 1-бөлігі, 560-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.  

Әулиекөл аудандық соты жоғарыда аталған жолсерікке қатысты ҚРӘҚтК 434-бабы 1-бөлігін (ұсақ бұзақылық) бұзғаны үшін 3 тәулікке қамауға алу жөнінде әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарды.

Қазір құқық бұзушы Қостанай аудандық ІІБ-нің уақытша ұстау абақтысында қамауда жатыр.