Пойызда заңсыз жүк алып бара жатқан өзбекстандық жолсеріктер ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ-өзбек шекарасындағы шекарашылар контрабандалық жүк пен есірткі заттарын өткізуге тырысқандардың жолын кесті. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Сарыағаш теміржол» бақылау-өткізу бекетінің шекарашылары «Мәскеу-Ташкент» бағытындағы пойыздың үш вагонынан жалпы салмағы 43 килограмм және 8 килограмм болатын заңсыз заттарды анықтады. Оның біріншісі тамаққа қосылатын қоспалар болса, екіншісі косметикалық заттар болып шықты. Аталған дерек бойынша үш жолсерік ұсталды. Олар Өзбекстан азаматтары.

Осы күні, қызметтік иттің көмегімен 29 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталды. Аталған азаматтың қолжүктерін қарау кезінде одан 200 гр болатын марихуана табылды.  Оның теміржолшы болып жұмыс істейтіндігі анықталды.

Сондай-ақ, «Жібек жолы авто» бақылау-өткізу бекетінің шекара наряды қызметтік иттің көмегімен 53 гр «марихуана» есірткісін жасырып өткізуге тырысқан 33 жастағы Өзбекстан азаматын ұстады.