«Жыл басталғалы көліктегі полиция департаментінде пойызды шұғыл тежеудің 36 фактісі тіркелді. Оның ішінде адамға қатысты – 7 факті, үй жануарларына қатысты – 26 және стоп-кранды басудың 1 фактісі тіркелді. Сондай-ақ вагондардың рельстен шығып кетуімен байланысты – 1, теміржол бойында бөгде заттың болуына қатысты 1 жағдай болды. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан жыл сайын теміржол мен оның маңында адамдар жарақат алып, қаза болу оқиғалары тіркеліп жатады», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, теміржол бойында апатты жағдайлардың жиілеуі қауіпсіздік ережелерін сақтамаумен байланысты.
«Мәселен, 5 қаңтарда Қызылорда облысының Шорнақ – Түркістан аралығында жүк пойызының машинисі белгіленбеген жерден өтпен болған жолаушыны қағып кетті. Ер адам аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақатынан көз жұмды», - дейді ол.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Теміржол қозғалысы қауіпсіздігінің ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.