Пойыздарда кездесетін басты кемшіліктер қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жолаушы пойыздарын кезекті тексеру барысында тасымалдаушыларға 35 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шілденің 8-і мен 22-сі аралығында ҚР ИДМ Көлік комитетінің қызметкерлері 8 жолаушы пойызына субсидиялау шарттары мен Ұлттық стандарт талаптарының сақталуына қатысты тексерулер жүргізді.

«Атап айтқанда, Алматы-Озинки, Алматы-Новосібір, Маңғыстау-Ақтөбе, Маңғыстау-Атырау, Алматы-Сарыағаш, Алматы-Жезқазған, Алматы-Маңғыстау және Алматы-Қостанай бағыттарымен жүретін пойыздар тексерілді. Оның нәтижесінде, Ұлттық стандарт талаптарына қатысты 348 бұзушылық анықталды. Олардың ішінде вагондардың техникалық жағдайы, терезелердің герметикалық жағдайын сақтамау, төсек орындарының ластығы анықталды. Сондай-ақ, дәретхана жабдықтары мен басқа да қажетті заттардың болмауы сияқты кемшіліктер бар», - делінген ҚР ИДМ мәліметінде.

Тексеріс қорытындылары бойынша тасымалдаушыларға 35 млн теңгеден астам көлемде айыппұл салынды. Сонымен қатар, жақын арада анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тапсырма берілді.