Правеш Кумар Гупта — Үндістандағы жетекші сараптамалық орталықтардың бірі Vivekananda International Foundation ғылыми қызметкері.
Ол Нью-Делидегі Джавахарлал Неру университетінде Орталық Азия мәселелері бойынша докторлық дәрежесін қорғаған. Көп жылдан бері Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі саяси әрі қоғамдық үдерістерді зерттеп жүр.
Алдағы сайлауды жаңартылған конституциялық жүйе аясында бағалаған сарапшы өкілді биліктің жаңа моделінің іс жүзіндегі қызметі басталатынына назар аударды. Оның айтуынша, сайлаудың маңызы тек депутаттық корпусты қалыптастырумен шектелмейді, сонымен қатар парламенттің жаңарған құрылымын орнықтыруға да бағытталған.
— Алдағы Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси эволюциясындағы маңызды кезеңді білдіреді. Бұл — елдің жаңа Конституциясына сәйкес өткізілетін алғашқы парламенттік сайлау. Ол басқару жүйсінің жаңа моделіне — бір палаталы Құрылтайға көшуді көрсетеді. Бұл үдеріс мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіруге бағытталған кең ауқымды реформалардың бір бөлігі, — деді сарапшы.
Правеш Кумар Гупта алдағы сайлауға халықаралық ынтымақтастық тұрғысынан да баға берді. Оның пікірінше, тұрақты саяси орта мен мемлекеттік институттардың жүйелі жұмысы ұзақ мерзімді бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға берік негіз қалайды.
— Қазақстан — Үндістанның аса маңызды серіктесі. Елдегі саяси тұрақтылық пен мемлекеттік институттардың сабақтастығы өңірлік ынтымақтастықты дамыту, көлік байланысын нығайту, сауда көлемін кеңейту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шешуші рөл ойнайды, — деп атап өтті сарапшы.
Сөз соңында үндістандық саясаттанушы алдағы кезеңге қатысты оң пікір білдіріп, жоспарланған реформалардың табысты жүзеге асуына тілектестік танытты.
— Қорытындылай келе, Қазақстанға даму жолындағы осы жаңа кезеңде табыс тілеймін. Елге бейбітшілік, өркендеу және жоспарланған барлық реформаның сәтті жүзеге асуын тілеймін, — деді Правеш Кумар Гупта.
Осылайша, Правеш Кумар Гуптаның пікірінше, 23 тамыздағы сайлау тек ішкі саясатта ғана емес, халықаралық маңызға да ие.
Жаңа Құрылтайдың қалыптасуы жаңартылған парламенттік модельді іс жүзінде жүзеге асырудағы маңызды кезең болмақ.
Ал саяси тұрақтылық пен мемлекеттік институттардың сабақтастығы Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда, көлік байланысы және өңірлік қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықтың одан ары дамуына ықпал етеді.