Премьер-лига: «Ертіс» пен «Атырау» жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 17-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше аталмыш турдағы екі ойын өткізілді. Қостанайда жергілікті «Тобыл» елорданың «Астана» командасына 0:2 есебімен жол берді. Шымкенттің «Ордабасы» клубы «Қайраттан» 1:0 есебімен басым түсті.

Бүгінгі ойындар Таразда жергілікті «Тараз» бен «Ақтөбе» кездесуімен басталды. Екі команда да турнир кестесінде соңғы орындарда келеді. Сондықтан бүгінгі кездесуге екеуі де бар күшін салды.

Бұл ойында 45-минутта «Тараз» ойыншысы Серж Ньюадзи есеп ашса, оған «Ақтөбе» сапынан 55-минутта Асланбек Кәкімов пенальтиден жауап қайырды. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Павлодар қаласында жергілікті «Ертіс» Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады. Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Қос команда да бүгін жеңіске жетуге күш салды. «Ертіс» ойыншысы Витас Уроштың 50 мен 74 минуттарда соққан қос голына көкшетаулық шабуылшы Жасұлан Молдақараев 52 минутта жалғыз голмен жауап қайырды.

Қызылордада жергілікті «Қайсар» мен Қарағандының «Шахтер» командалары арасындағы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды.

Алдымен қызылордалық клуб сапынан 17 минутта Иван Граф, 29-минутта Куле Мбомбо гол соқты. Дегенмен бірінші кезеңде «Шахтер» бір гол соғып үлгерді. Оны 35-минутта Еркебұлан Нұрғалиев орындады. Ал 63-минутта таразы басы теңесті. Қарағандылық ойыншы Иван Пешич мергендік танытты.

Сондай-ақ, Атырау қаласында жергілікті «Атырау» мен Талдықорғанның «Жетісуын» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бұл ойында атыраулық клуб сапына жақында ғана қосылған Исламнұр Абдулавов есеп ашса, 61-минутта «Жетісу» қатарына таяуда келген Аслан Дарабаев таразы басын теңестірді. Кездесу тағдырын шешкен гол 63-минутта соғылды. «Атырау» сапынан Алексей Родионов осылайша өз командасына жеңс сыйлады.

Ал 18-тур ойындары 13 және 14 шілде күндері өткізіледі. 13 шілдеде «Жетісу» мен «Ертіс», «Ақтөбе» мен «Шахтер», 14 шілдеде «Ордабасы» мен «Тобыл», «Оқжетпес» пен «Тараз», «Қайрат» пен «Қайсар» ойнайды. Бұл турдағы бір ойын алдын-ала 3 сәуірде елордада «Астана» мен «Атырау» командалары арасында өткізілді. Ол кездесуде «Астана» 3:1 есебімен жеңіске жетті.