Премьер-лига: «Қайрат» тең түсіп, «Астана» жеңіске жетті
Алғашқы ойын Алматының «Қайраты» мен Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы арасында болды. Бұл кездесуде барлығы 6 гол соғылды. Алдымен 6-шы минутта «Оқжетпес» ойыншысы Пламен Димов есеп ашты. Оған алматылық Небойша Косович 28, 38-минуттарда екі голмен жауап қайырды.
Ойынның екінші кезеңінің 46, 57-минуттарында көкшетаулық команда сапынан Артем Дмитриев мергендік танытты. Ал 73-минутта «Қайраттың» шабуылшысы Вагнер Лав таразы басын теңестірді. Кездесу 3:3 есебімен тең аяқталды.
Ал елордалық «Астана» мен Талдықорғанның «Жетісу» командалары арасында тартысты ойын өрбіді. Елордалық клуб сапынан Жарко Томашевич 39, 65-минуттарда қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Ал 77-минутта «Астана» сапынан Абзал Бейсебеков есепті ұлғайта түсті. Ойында елордалықтар 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұл ойыннан кейін турнир кестесінде «Қайрат» пен «Астана» арасындағы ұпай айырмашылығы төрт ұпайға қысқарды. Қазір «Қайратта» - 25, «Астанада» - 21 ұпай бар.
Сондай-ақ, аталған турда 26 қыркүйекте Жамбыл облысының «Таразы» мен Қостанайдың «Тобылы» арасындағы кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ. Командалар 0:0 есебімен тең тарқасты.
Аталған турда 29 қыркүйекте «Шахтер» мен «Каспий», «Қызылжар» мен «Қайсар» командалары кездеседі.