АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 20-турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл турдағы алғашқы матч Қарағандыда жергілікті «Шахтер» мен Көкшетаудың «Оқжетпесі» арасында өтті.
Командалар турнир кестесінде қатарлас келеді. Жеңгені кестедегі жағдайын жақсарта түсетін еді. Ойын барысында қарағандылық клуб сапынан Иван Свиридов – 66, Темур Чогадзе 92-минутта соққан голдар алаң иелеріне жеңіс алып келді.
Осылайша «Шахтер» қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, төменгі топқа түсіп қалу қаупінен қашықтай түсті.
Ал соңғы орындардың бірінде тұрған Ақтаудың «Каспийі» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарына» 1:2 есебімен жол берді.
Турнир кестесінде соңғы орында тұрған Павлодар облысының «Ақсуы» өз алаңында «Атырауды» 4:1 есебімен сүріндірді.
Енді 20 тамызда «Жетісу» мен «Мақтаарал», «Астана» мен «Қайсар», «Ақтөбе» мен «Тобыл»,«Ордабасы» мен «Қайрат» шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.