Премьер-лига: «Ордабасы» «Тобылды» ойсырата жеңді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 6-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турдағы соңғы ойында Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен «Тобыл» командалары шеберлік байқасты.

Командалар турнир кестесінде қатарлас келеді. Екеуі де биыл жүлделі орындардан үміткер. Сондықтан жанкүйерлер олардан тартысты ойын күтті.

Кездесу барысында шымкентік клуб сапынан Асхат Тағыберген 21-минута есеп ашса, 22-минута оған «Тобыл» шабуылшысы Серж Дебле бір голмен жауап қайырды.

Екінші кезеңде алаң иелері қатарынан Бобур Абдухаликов 72, Сергей Малый 76, Всеволод Садовский 86-минутта мергендік танытты.

Осылайша шымкенттік клуб қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті. Нәтижесінде турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.

Аталған турда бүгін «Қызылжар» «Ақсуды» 2:0, «Ақтөбе» «Атырауды» 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Еске салсақ, 15 сәуірде «Қайсар» «Жетісудан» 2:0 есебімен басым түссе, «Каспий» «Оқжетпесті» 2:1, «Шахтер» «Мақтаралды» 3:0 есебімен жеңді.

Енді 19 сәуірде Қазақстан кубогының 1/8 финал ойындары болады.

Ал жетінші тур ойындары 22 және 23 сәуір күндері өткізіледі.