АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 1-турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл күнге белгіленген төртінші кездесуде елордалық «Астана» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады.
Алаң иелері жылдам гол соғуға тырысқан еді. Нәтижесінде небәрі 3-минутта «Астана» ойыншысы Владислав Прокопенко өз командасын алға шығарды. Ал 21-минутта Дембо Дарбо есепті үстемелей түсті.
«Шахтер» сапынан 21-минутта Шыңғыс Флюк алаң иелерінің қателігін шебер пайдаланып, мергендік танытты.
Осылайша елордалық клуб қарсыласын 2:1 есебімен жеңді.
Айта кетсек, бүгін сондай-ақ «Ордабасы» өз алаңында «Каспийден», «Тобыл» «Ақсудан» басым түссе, «Ақтөбе» сырт алаңда «Жетісуды» сүріндірді.
Ертең, 5 наурызда «Мақтаарал» (Түркістан облысы) мен «Оқжетпес» (Көкшетау), «Қайрат» (Алматы) пен «Атырау», «Қайсар» (Қызылорда) мен «Қызылжар» (Петропавл) шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.