Премьер-Министр 2009 жылдың 2-ші тоқсанында мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық мөлшерді арттыруды міндеттеді

АСТАНА. Сәуірдің 21-і ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов 2009 жылдың 2-ші тоқсанында мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық мөлшерді арттыруды міндеттеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Отандық өндірістің әлеуеті барынша қолданылсын. Мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық мөлшер арттырылсын. Сондай-ақ экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға дайындау және қайта құру үшін қолдағы ресурстар барынша пайдаланылсын», - деді бүгін Үкіметтің ағымдағы жылдың 2-ші тоқсанына арналған негізгі қызметіне қатысты берген тапсырмасында К. Мәсімов. Премьер-Министр бұл тапсырмаларының орындалуын орынбасары Серік Ахметовке жүктеді. Осыған байланысты Үкімет басшысы алдағы жұма күні Қызылордада Елбасының қатысуымен қазақстандық мөлшерді арттыруға қатысты мәжіліс өтетінін атап көрсетті. Сонымен қатар Премьер-Министр Үкіметтің алдына тағы бірнеше міндет қойды. «Барлық мемлекеттік органдар бастапқы отандық шикізатты қайта өңдеудің маңыздылығын, әсіресе агроөнеркәсіптік кешен, отын энергетика кешені және құрылыс индустриясы салаларын дамытуды ескере отырып, отандық қайта өңдеу өндірісін дамыту жөніндегі белгіленген іс-шараларды іске асыруды жалғастырсын», - деді Премьер-Министр. Сонымен қатар Үкімет басшысы Астана әкімдігінің пәтерлерді сатып алу тәжірибесіне сүйене отырып, Астана мен Алматы қалаларындағы нысандардың құрылысын қаржыландыруды жалғастыру қажеттігін атап көрсетті. Ол бұл тапсырмаларының орындалуын бақылауды бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке жүктеді.