Премьер-Министр Аи-92 маркалы бензиннің бағасын өсірмей ұстап тұруды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметте өткен кеңесте Премьер-Министр Серік Ахметов алдағы бір жарым айда Аи-92 маркалы бензиннің бағасын өсірмей ұстап тұруды тапсырды.

Ресейден қажетті көлемде ашық түсті жағармай түрлерін тасымалдау мәселесіне тоқталған ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин, «Аи-92 маркалы бензин тиісті көлемді өндірілмегендіктен, осы мұнай өнім түрін де сырттан жеткіземіз. Бүгінде республикадағы мұнай-газ базаларында Аи-92 маркалы бензиннің қоры 244 мың тонна, Аи-80 бензині 86 мың тонна, сондай-ақ дизель отынының көлемі 300 мың тоннаға жуық. Егер біз бағаны өсірмесек, бұл жағармай көлемі 45 күнге жетіп қалады»,-деді.

Осыған байланысты министр АИ-92 бензиніне бағаны ұстап тұрғанымен, оның қоры таусылғаннан кейін осы маркалы жағармайдың тапшылығы туындайтынын айтты.

Өз кезегінде Үкімет басшысы министрлік пен Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен бірлесе 1,5 айдың ішінде қор таусылғанша АИ-92 бензиніне бағаны өсірмеу үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.

Бұл тұрғыда С. Ахметов жағармай құю стансаларында баға негізсіз көтерілген жағдайда олар тиісті жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.