Премьер-Министр әкімдерге «Жол картасы» бойынша жұмыстарды жылдамдатуды тапсырды

АСТАНА. Маусымның 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне «Жол картасы» бойынша жұмыстарды жылдамдатуды тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Барлығыңыз да «Жол картасы» бойынша жұмысты жылдамдатыңыздар. Бұл қолма-қол ақша бөлінген нақты жұмыс. Әркім өзінің учаскесіндегі жұмысты істесін. Әрқайсыңыз бұл жұмыстың қалай жүзеге асырылып жатқанына жауап беретін боласыздар», - деді Үкімет басшысы әкімдерге арнап айтқан сөзінде. Премьер-Министр биылғы бірінші жартыжылдықтың аяқталуына 10 күн қалғанын еске сала келе: «Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша шілде айының басында селекторлық кеңес өтетін болады. Онда белгілі бір қорытындылар шағарылып, тұжырымдар жасалады», деді.Айта кетейік, селекторлық кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова «Жол картасы» бойынша еліміздің бірқатар өңірлерінде, атап айтқанда Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында жол жөндеу нысандары бойынша құрылған жаңа жұмыс орындарының саны 30 пайызға да жетпегенін атап өтті. Ал, әлеуметтік инфрақұрылымдар бойынша құрылған жұмыс орындарының көрсеткіші Маңғыстау, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Алматы қаласында өте төмен күйінде қалып отыр. Ауыл нысандары бойынша Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында құрылған жұмыс орындары ширек көрсеткішті де құрамаған.