Премьер-Министр Алматының жоспарында жоқ «қара базарды» қолтығының астына алып отырғандарды тауып, жазасын беруді тапсырды

None
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігі мен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне Алматы қаласының жоспарында жоқ «қара базарды» қолтығының астына алып отырғандарды тауып, жазасын беруді тапсырды.
Ол бұл тапсырманы бүгін Индустрия және сауда министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алқада жеке блогына Алматыдағы Алтынсарин көшесі мен Юрий Ким көшесінің қиылысында қаланың жоспарында жоқ базар жұмыс істеп жатқаны және ешқандай да салық төлемейтіні жөнінде мәлімет түскеніне тоқталған К. Мәсімов: «Яғни бұл - «қара базар». Оны бәзбіреулердің қолтығының астына алып отырғаны түсінікті. Егер дәл солай болса оларды тауып, жазасын беріңіздер», - деді. Сондай-ақ алқада жеке блогына Теміртау қаласындағы Амангелді көшесінде, Мир даңғылының аумағында, ойынхана ашылып, ашық түрде жұмыс істеп жатқаны туралы мәлімет келгенін жеткізген Үкімет басшысы: «Бізде ойынханалар жабылған емес пе? Бұны қалай түсінуге болады», дей келе, аталмыш органдарға бұл фактіні де тексеруді жүктеді. «Егер бұл факті рас болса, істі жетер жеріне жеткізіңіздер», - деді К. Мәсімов.