Премьер-Министр арнайы экономикалық аймақтардың кураторларын бекітті

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов арнайы экономикалық аймақтардың кураторларын бекітті.

Белгілі болғандай, бүгінде бірқатар АЭА-лардың кураторлары айқындалмаған. «Неліктен «Оңтүстік» АЭА-ның кураторы әрі жауапты тұлғасы әлі айқындалмаған?», - деп қойған Үкімет басшысының сауалына министр Ә.Исекешев аталған аймақ бойынша бұл жұмыстар тамыздың аяғына дейін аяқталатынын жеткізді. Осы орайда Үкімет басшысы бұл мәселені тамыздың аяғына дейін созудың қажеті жоқ екенін атап өтті. «Бүгін мен экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е. Досаевқа «Оңтүстік» АЭА бойынша жауапты әрі куратор міндетін жүктеймін»,- деді С. Ахметов.

Сонымен қатар Премьер-Министр «Сарыарқа» АЭА бойынша куратор ретінде Индустрия және жаңа техгнологиялар министрі Ә.Исекешевті атады. Бұған қоса «Ақтау теңіз порты» АЭА-ға Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі А. Рауды куратор ретінде тағайындау мәселесі қарастырылатындығы белгілі болды.