Премьер-Министр Астанадағы Ұлттық биотехнологиялық орталыққа барады

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - 24 шілдеде Премьер-Министр Серік Ахметов Астанада салынып жатқан Ұлттық биотехнологиялық орталыққа барады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

«1993 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылған алдыңғы қатарлы қазақстандық биологиялық ғылыми орталықтың басты мақсаты - биотехнологиялық саланың дамуы мен оны қолдаудағы мемлекеттік саясатты іске асыру және биотехнология, биологиялық қауіпсіздік пен экология саласында мемлекет қаржыландыратын ғылыми-техникалық бағдарламарды үйлестіру. Жалпы, біздің ел Генді-инженерлік қызметті мемлекеттік реттеуге және елдегі гендік-модификацияланған организмдердің нарықтағы айналымына ерекше назар аударатынын атап өткім келеді»,-деді ресми өкіл.