Үкімет басшысы еліміздегі ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы іске асырылатынын айта келе: «Бұл бағытқа негізделген шараларға «ҚазАрго» холдингінде қажетті қаржы бар. Ал субсидиялау тұрғысында қосымша ресурстар қажет болса, онда 2011 жылдың бюджетін нақтылау кезінде ескеруіміз қажет», -деді.
Шетелден сатып алынатын ірі қара мәселесіне тоқталған К. Мәсімов: «Шетелден сатып алынатын асыл тұқымды мал еліміздің климатына, жем-шөбіне бейімделген болуы тиіс»,-деді.
Сонымен қатар Үкімет басшысы елге жеткізілетін мал басын күтіп-бағуға тыңғылықты қарау керектігін айтып өтті. Бұған қоса асыл тұқымды ірі қараға қарайтын адамдардың біліктілігіне, инфрақұрылымға назар аудару керектігін жеткізді.
Премьер-Министрдің пайымдауынша, экспортқа негізделген мал шаруашылығын дамыту аясында жайылымдардағы су мәселесін де шешу керек. «Егер де бұл жобаны аяғына дейін іске асырсақ, елімізде осы бағытта толық индустрия пайда болады. Сондықтан да құрылыс пен индустрияландыруда жасаған «жол картасы» секілді бұл салада да тиісті қадамдар қажет болады»,-деді К. Мәсімов.
Осы орайда кеңес соңында Премьер-Министр бірінші орынбасары Өмірзақ Шөккевке ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бойынша жұмыстарды үйлестіруді жүктеді.
«ҚазАгро» холдингінің мәліметіне қарағанда, аталған жоба аясында алдағы 5 жылда 150 мың басқа арналған 60-қа жуық бордақылау алаңдары құрылады. Сонымен қатар 72 мың мал басына негізделген 54 шаруашылық-репродукторлар, 2,5 мыңға дейін фермерлік шаруашылықтары құрылады. Бұл өз кезегінде жылына 60 мың тонна көлеміндегі экспортқа бағытталған етті өндіруге мүмкіндік береді.Есептеулер бойынша алдағы 5 жылда жобаны қаржыландыруға жұмсалатын қаржы көлемі 148 млрд. теңге көлемінде болмақ. Қаржы көздері ретінде республикалық бюджет және холдингке Ұлттық қор тарапынан бөлінген қаржы игерілмек.