Премьер-Министр: Бағаны әкімшілік реттеуден әлеуметтік осал топтарды қолдауға көшу қажет

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында бағаны реттеудің қолданыстағы механизмдерінің тиімділігін бағалауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азық-түлік тауарларының нақты қолжетімді болуы, дүкендер мен базарларда жеткілікті көлемде болуы басты міндет болуы тиіс. Жоспар ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағытталып отыр.

Онда негізінен егіс алқаптарын әртараптандыру, мал шаруашылығын кешенді дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, сақтау мен логиситика инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қамтылған», - деген Үкімет басшысы нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету өндіріс пен тұтыну балансын ескере отырып жүргізілуі керектігін ескертті.

«Бұл есептеулер бағаны тұрақтандыру жөніндегі басқа да нарықтық механизмдермен бірге азық-түлік тауарларын қолжетімді қылуға негіз болады. Бағаны реттеудің қолданыстағы механизмдерінің тиімділігін бағалау керек.

Сондай-ақ, бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы көмекпен қолдауға көшу үшін ұсыныстар дайындау қажет», - деді Әлихан Смайылов.