«Біз импортқа тәуелділікті азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бағаны қымбаттатуға ешбір себеп жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрлері бойынша бағаның тұрақтылығына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі», - деді Үкімет басшысы.
Осы орайда ол тиісті тапсырмалар жүктеді.
«Халықаралық астық нарығында қалыптасып отырған конъюнктураны ескеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, сыртқы жағдайға және азық-түлік қорының жеткілікті болуы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығына мониторингті жалғастыруы қажет. Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі «қайтарымды схема» арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беру механизімін кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін форвардтық сатып алу практикасын барлық өңірлерде енгізуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин.
Мұнымен қоса, Премьер-Министр азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әкімдіктерге импортқа тәуелді тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жобаларды басым тәртіппен іске асыруды тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер өзімізде өндірілетін азық-түліктің, әсіресе, картоп, ұн, сәбіз және қарақұмық жармасы бағасын өсіруге жол бермеуі қажет. Елдің барлық қажеттілігін толығымен қамтамасыз ету үшін олар жеткілікті көлемде өндіріледі. Әкімдер осы мәселені ерекше бақылауға алсын», - деді ол.