Премьер-Министр индустрияландыруды басқару орталығын құру жөніндегі қаулының жобасын енгізуді тапсырды

None
А. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін селекторлық форматтағы Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне он күн мерзім ішінде индустрияландыруды басқару орталығын құру жөніндегі қаулының жобасын енгізуді және мүдделі мемлекеттік органдарға оны келісуді тездетуді тапсырды.

Үкімет басшысы сонымен қатар, екі аптаның ішінде басқарушы орталықтардың жұмысы жөніндегі жаңа тәсілдері бойынша ұсыныстар енгізуді жүктеді. «Аталмыш басқарушы орталықтар сапалы мониторингті және әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету үшін «НұрОтан» партиясының, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдерін тарта отырып өңірлерде, салаларда, ұлттық компанияларда жұмыс істеуі тиіс», деді ол.

Сонымен қатар, К. Мәсімов мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың басшыларына және өңірлердің әкімдеріне екі айдың ішінде өздері жетекшілік жасайтын бағыттар бойынша ғылыми-инновациялық даму бағдарламасын әзірлеп, қабылдауды тапсырды. «Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне Экономикалық даму және сауда, Қаржы, Әділет министрліктерімен бірлесіп бір айдың ішінде Үкіметке Индустрияландыру картасын актуаризациялау жөніндегі қаулының жобасын енгізуді тапсырды. Тиісті мемлекеттік органдар оны келісуді шапшаңдатуы тиіс. «Бір айдың ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп шетелдік инвестицияларды тарту, ғылыми және инновациялық жобаларды қолдау бойынша нақты мақсатты көрсеткіштерді бекіту жөніндегі ұсыныс енгізуді тапсырамын», деді К. Мәсімов.