Премьер-Министр индустриялық-инновациялық даму мәселесін жеке өзінің бақылауына алды
12:19, 19 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов индустриялық-инновациялық даму мәселесін жеке өзінің бақылауына алды. Бұл туралы ол бүгін, Үкімет отырысында атап өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы нақты тапсырмаларды берді. Осы орайда аялдап қалуға болмайды. Сондықтан барлық жұмыстарды екшелеп қарайтын негізгі орган - Экономиканы жаңғырту жөніндегі комиссия болады» , - деп тоқталған Үкімет басшысы, бұл жұмыстардың бақылауын жеке өзі қадағалайтынын атап өтті. «Мемлекет басшысының тапсыруы бойынша екі айдың ішінде біз бұл бағдарламаны әзірлеп шығуымыз қажет. Сондай-ақ жарты жылда бір рет аталған мәселеге қатысты Елбасы алдында есеп беретін боламыз»,- деді К. Мәсімов.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХІІ съезінде Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдермен бірлесіп 2020 жылға дейінгі Қазақстанды индустрияландыру жөніндегі картаны әзірлеуді тапсырған болатын. «Үкімет екі айлық мерзім ішінде біздің барлық көптеген бағдарламаларымызды талдаудан өткізіп, тек басымдыққа иелерін ғана қалдыруға тиіс. Бұл арада инновацияның басқа да бағыттары пайда болуы мүмкін. Алдыңғы қатарлы технологияларды тартатын, инновациялар мен адам капиталына инвестиция салатын ең тиімді компанияларға мемлекет сатып алуға ұзақмерзімді кепілдік беруге дейін бұрын-соңды болып көрмеген қолдау көрсетуі керек. Жоспарларымыз күнбе-күн жүзеге асып отыруы үшін біз олардың орындалуына мониторингті қамтамасыз етуге тиіспіз. ?Нұр Отан? партиясы бұл жұмысты өз бақылауына алуы тиіс. Үкімет әкімдермен бірлесе отырып, Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған Индустрияландырылу картасын әзірлеуі қажет.
Оған өңірлердің ресурстық әлеуеті мен инфрақұрылымды дамытуды өзектестіре отырып, өндіргіш қуаттарды ұтымды орналастырудың кестесін қосқан жөн болады», -деген еді Елбасы съезде сөйлеген сөзінде.