Премьер-Министр қаза тапқан өрт сөндірушілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетуді тапсырды

АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Астанадағы бомбапанада болған өртті сөндіру кезінде қаза тапқан үш өрт сөндірушінің жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтып, Астана қаласының әкіміне қаза тапқандардың отбасына материалдық қолдау көрсету туралы тапсырма берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстау керек. Үкімет мүшелерінің атынан мен қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Астана қаласының әкіміне материалдық қолдау көрсету туралы тапсырма беремін», деді Үкімет отырысында К. Мәсімов.

Айта кетейік, Астанадағы Ықылас Дүкенұлы атындағы көшедегі технопарктің аумағында орналасқан бомбапананың ішіндегі болған өрт ақпанның 17-сі күні шыққан болатын. Бүгін Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко өртті сөндіру кезінде үш адамның қаза тапқаны туралы айтты. Олар Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Зайцев, департаменттің алтыншы өрт сөндіру бөлімінің бастығы Кәкішев, арнайы өрт сөндіру бөлімі қызметі бастығының орынбасары Әбеев. Олардың денелері бүгін таңғы сағат 7-лерде табылған.