Ол бұл тапсырманы бүгін Үкімет отырысында берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы өткен аптада Қазақстанның әйелдер қауымының өкілдерімен кездесті. Онда өте маңызды мәселе - балалар үйінен баланы асырап алу жайы көтерілді. Рашид Төлеутайұлы, Гүлшара Наушақызы осы мәселені пысықтап, менің қарауыма шығарыңыздар. Бұл мәселені заңнамалық тұрғыдан реттеу қажет», деді отырыста Үкімет басшысы министрлер Р.Түсіпбеков пен Г.Әбдіхалықоваға қарата айтқан сөзінде. Осы орайда, Премьер-Министр Президенттің әйелдер қауымының өкілдерімен кездесуінде осы мәселені көтерген «Қайырымдылық» бірлестігінің төрайымы Аружан Саинды шақырып, тыңдауды, қажет болса бұл мәселе бойынша арнайы Үкімет отырысын өткізуді тапсырды.
Айта кетейік, Елбасының Қазақстанның әйелдер қауымының өкілдерімен кездесуінде А. Саин қазақстандықтардың жетім балаларды асырап алуын жеңілдету үшін заңнамалық тұрғыдан жағдай жасау қажеттігін көтерген болатын. «Шетелдік азаматтар бала асырап алу үшін неге Қазақстанға келетіндігі жайлы ойландым. Шын мәнінде осыдан 100 жыл бұрын шетелдерде жетім балалар үйі қалыпты құбылыс болатын. Олар жетім балаларды асырап алу жөніндегі жұмысты жүйелі жүргізіп, жағдай жасады. Нәтижесінде оларда қазір балалар үйі жоқ. Сондықтан да олар бізге келеді. Біз қайырымдылық қорларының қауымдастығы аясында осы проблеманы зерттеп, біздің елге бала асырап алуға келетін елдердің тәжірибесіне сараптама жүргіздік. Біздің еліміздің аймақтарында жетім балаларды асырап алғысы келетін адамдардың тізімі бар. Сонымен бір мезгілде бізде іші балаларға толы үйлер бар. Бұлардың арасында заңнама кедергі болып тұр, заң бойынша көптеген балалар асырап алуға жатпайды», деді А. Саин кездесуде.
Ол мысал ретінде мынаны айтты. Мәселен, анасы баласын тастап, алайда баласынан бас тартқаны жөнінде хат жазбай, перзентханадан қашып кететін болса, заң бойынша баланы асырап алу үшін 6 ай күтуге, анасын табуға, содан кейін барып сот шешім күтуге тура келеді. Бұл үдеріс 2-3 жылға созылып кетеді. Ал, адамдар болса баланы көбінесе 1 жасқа дейін асырап алғысы келеді.
А. Саинның пікірінше, қазақстандықтардың баланы асырап алуын жеңілдету үшін заңнамаға тисті өзгерістер енгізу қажет. Ол үшін арнайы ұсыныстар да дайындалған.
Мемлекет басшысы тиісті ұсыныстарды ҚР Президентінің Кеңсесіне беруді тапсырды.