Премьер-Министр Корея Республикасын шикізаттық емес секторда озық жобаларды әзірлеу жұмысына қатысуға шақырды

None
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстан Корея Республикасын шикізаттық емес секторда инновациялық озық жобаларды әзірлеу жұмысына қатысуға шақырды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен қазақстандық-кореялық бизнес-форумда Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Президент Ли Мён Бактың Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастың сәтті дамып келе жатқанын тағы да дәлелдеп отыр. Қазақстан мен Оңтүстік Корея көп салаларда тиімді әріптестер болып табылады», -деді Үкімет басшысы. Осы орайда К. Мәсімов әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан өзара ынтымақтастық жалғасып келе жатқанын, бұған энергетика және табиғи ресурстарды өңдеу саласында, құрылыс, қаржы секторында бірлесіп қол жеткізілген жобалар мысал бола алатынын айтып өтті. «Қазақстан үшін экономиканы әртараптандыру стратегиялық мақсаттардың бірі болып табылады. Осыған байланысты оңтүстіккореялық әріптестерді шикізаттық емес секторда озық жобаларды әзірлеуге қатысуды шақырамын», - деді Премьер-Министр.