Премьер-Министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыруға дереу кірісу қажеттігін атап көрсетті

ТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат. Сенбі күні Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыруға дереу кірісу қажеттігін атап көрсетті.

К.Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрлігіне Индустрия және жаңа технологиялар, Экономикалық даму және сауда министрліктерімен бірлесе отырып, екі апталық мерзімде мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаны іске асырудың тетіктері мен кезеңдері бойынша ұсыныстарды енгізуді тапсырды. Ол мал шаруашылығын және бір-бірімен байланысты салаларды кешенді дамыту мәселесін облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдерінің қатысуымен Үкіметтің жеке отырысында арнайы қарау қажеттігін атап өтті.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне Экономикалық даму және сауда, Мұнай және газ, Қоршаған ортаны қорғау министрліктерімен бірлесіп, 1 шілдеге дейін Үкіметтің қарауына энергия тиімділігін арттырудың Кешенді жоспарын әзірлеп, енгізуді тапсырды.

Экономикалық даму министрілігіне облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін Қазақстанның мемлекеттік үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарламасын іске асыруды және экономиканың өсім нүктелерін қамтамасыз етуді ескере отырып, аумақтарды дамыту Бағдарламасының жобасын Үкіметтің қарауына енгізу тапсырылды. Сонымен қатар, К.Мәсімов 2011 жылдың 1 сәуіріне дейін халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасының жобасын енгізуді жүктеді.

Білім беру министрілігіне екі апталық мерзімде кәсіптік-техникалық мамандарды даярлау жөніндегі Ұлттық кеңестің құрамы және оның 2011 жылғы жұмыс жоспары жөніндегі ұсыныстарды енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ, ҚР БҒМ-не бір ай мерзім ішінде елдің үдемелі индустриялды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды және Парламент мақұлдаған «Ғылым туралы» ҚР заңының ережелерін есепке ала отырып, жоғары оқу орындарының инновациялық қызметке көшудің жоспары мен тетіктеріне, кәсіптік техникалық білім беру мамандықтары бойынша кәсіби стандарттарды әзірлеп, қолданудың жоспарына қатысты ұсыныстарды Үкіметтің қарауына ұсынуды тапсырды. Сонымен бірге, бір ай ішінде кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру деңгейінде жинақтаушы жүйесін қолдануға байланысты ұсыныстарды енгізу тапсырылды.

Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, білім беру нысандарының апатты жағдайын, оқушы орындарының тапшылығын және болжанып отырған демографиялық өсімді есепке ала отырып, республикалық бюджет қаражаты есебінен 200 мектептің және жергілікті бюджеттің есебінен 200 мектептің құрылысына қажеттілікті аумақтық бөлікте талдау жасауды және бір ай мерзім ішінде мектеп құрылысының 2015 жылға дейінгі кестесіне қатысты ұсыныстарды Үкіметтің қарауына енгізуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігіне бір ай мерзім ішінде Үкіметтің қарауына халықтың мақсатты топтарының арасында ұлттық скринингтік зерттеулер жүргізудің жоспарын енгізу тапсырылды. Бір ай ішінде көліктік медицинаны дамыту, оның ішінде 50 автоемхана, жолдағы дәрігерлік-құтқару бекеттері және санитарлық авиацияны 16 тікұшақпен толықтыруға қатысты нақты ұсыныстарды енгізу жүктелді. Облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, аумақтық бөлікте 350 алғашқы дәрігерлік көмек ұйымдарының құрылысына қажеттілікті талдау жасап, олардың 2015 жылға дейінгі құрылысының кестесіне қатысты ұсыныстарды Үкіметке бір ай мерзім ішінде енгізу жүктелді.

Мәдениет министрлігіне ҚР тілдерді қолдану мен дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тездету тапсырылды. Сондай-ақ, Мәдениет министрлігіне екі апта мерзім ішінде еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асырудың тетіктері, оның ішінде мерейтойлық шараларға инвесторлар мен отандық бизнес өкілдерінің қатысуы мәселелері бойынша ұсыныстарды енгізу тапсырылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2020 жылға дейінгі жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа бағдарламасын әзірлеу жүктелді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бағдарламада өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған, жұмыссыз жүрген және тұрмысы төмен азаматтардың мәселелеріне назар аударылуы тиіс. Премьер-Министр бұл құжаттың алғашқы жобасы ведомствоның алқа отырысында қаралуы, содан кейін ү.ж. 8 ақпанында Үкімет отырысында қаралуы тиіс екенін атап көрсетті. Ол Үкіметте талқылаудан өткеннен кейін жобаға қатысты ұсыныстар мен ескертпелерді енгізу үшін аумақтарға екі апта мерзім берілетінін айтты.

Сонымен қатар, Премьер-Министр бір ай мерзім ішінде Үкіметтің қарауына жұмыссыздарға арналған уәжді себеппен мемлекеттік жәрдемақы енгізуді есепке ала отырып, әлеуметтік қамсыздандырудың жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстарды енгізуді тапсырды.

Қаржы министрлігіне бір ай мерзімде Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігімен бірлесе шағын несиелендіру құралдарына қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған кешенді іс- шаралар жөнінде ұсыныстар әзірлеп, енгізу тапсырылды. 2011 жылдың 1 сәуіріне дейін шағын несиелендіру тетіктерін жетілдіруге бағытталған заңдардың жобасын Үкіметтің қарауына енгізу, қаржы және ауыл шаруашылығы министрлеріне қолжетімді шағын несиелендіруді ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерімен, оның ішінде мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамыту мәселелерімен сабақтастыруды жүктеді.

Құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне ү.ж. 1 сәуіріне дейін еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін модернизациялаудың түбегейлі жаңа бағдарламасының жобасын Үкіметтің қарауына енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, К.Мәсімов бір ай мерзімде коммуналдық шаруашылық нысандары мен тұрғын үйлерді жөндеу және қайта жөндеуді жекеменшік инвесторлар мен тұрғындарды қосымша қаржыландыру және жинақтауды ынталандыру тетіктері бойынша, сондай-ақ су шаруашылығы секторына жекеменшік инвесторларды тарту тетіктері бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесе отырып, жер асты суларын пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырылды.

К.Мәсімов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан тапсырмаларын орындау жөніндегі 2011 жылғы Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын қысқа мерзімде әзірлеу қажеттілігін атап өтті. Ол министрліктер мен ведомство басшыларына 2 ақпанға дейін экономикалық даму және сауда министрлігіне аталмыш құжаттың жобасы бойынша ұсыныстар беруді жүктеді.

Сондай-ақ Премьер-Министр Давоста (Швейцария) бүкіләлемдік экономикалық форумға қатысушыларға арнап ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауының таныстырылымы өткендігін хабарлады. Ол, сондай-ақ Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген экономикалық көрсеткіштеріне және дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижелеріне әлемдік сарапшылар мен саясаткерлер қоғамдастығының тарапынан зор қызығушылық туып отырғанын атап өтті.