12:49, 31 Наурыз 2009
Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорына шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген қаржыны соңғы тұтынушыға дейін жетуін қадағалауды тапсырды
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «Самұрық-Қазына» қорының басшысына шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген қаржының соңғы тұтынушыға дейін жетуін қадағалауды тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Сіздер екінші деңгейлі банктерге қаражатты уақытында бергендеріңізді, бізге қандай талаптарыңыз бар дегенді айтасыздар. Сіздердің міндеттеріңіз - несиелерді соңғы тұтынушыға дейін жеткізу. Себебі «Самұрық-Қазына» қоры басқарудың барлық құрылымында әрекет етеді. Сондықтан сіздер ықпалдарыңызды шектемеулеріңіз қажет», деді бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетовке қаратып айтқан сөзінде. Сонымен қатар Үкімет басшысы мемлекет құрылыс секторындағы қордаланып қалған барлық мәселелерді шешіп жатқанын, ендігі жерде қабылданған шешімдерді тездетіп іске асыру маңызды екенін атап көрсетті. Осы орайда Премьер-Министр бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке құрылыс секторына қатысты қабылданған шешімдерді уақыт оздырмай іске асуын тұрақты бақылауға алуды тапсырды.