Премьер-Министр Сенат депутаттарынан «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заң жобасын жылдамдатып қабылдауды өтінді

None
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Парламент Сенатының депутаттарынан «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заң жобасын жылдамдатып қабылдауды өтінді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Кеше Мәжіліс депутаттары «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заң жобасын мақұлдады. Бұл заң алдымызда тұрған міндеттерді шешу үшін бізге аса қажет. Осы орайда Сенат депутаттарынан заң жобасына қолдау көрсетіп, оны мүмкіндігінше жылдамдатып қабылдауды сұраймын», деді алқада Үкімет басшысы.Оның айтуынша, заң жобасы қабылданған жағдайда ол Қормен және Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасымен байланысты бірқатар іс-қимылдарды тездетіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді.«Жағдайды пайдаланып, депутаттарға әрқашан, әсіресе соңғы уақыттарда, Үкіметке көрсетіп жатқан қолдаулары үшін тағы бір мәрте ризашылығымды білдіргім келеді. Өйткені, ел экономикасы үшін көптеген маңызды заңдар қабылданды. Жайма-шуақ уақытта оларды қабылдауға көп уақыт кеткен болар еді. Қазір біз шешімдерді өте шапшаң қабылдап жатырмыз, өйткені дағдарыстан туындайтын қатерлер де оқыс қауіп төндіруде», деді өз сөзінде Премьер-Министр.