Премьер-Министр суға жақын жерде үй салуға талапты күшейтуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы көктемде су басқан үйлер су белдеуі аумағында орналасқан. Құрылыс кезінде нормалардың сақталмауынан су тасқыны жағдайлары қайталанып жатыр. Бұл пікірді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нысандарды салу кезінде нормалардың сақталмауынан да елді мекендерді су басу жағдайлары қайталанып жатыр. Биыл Атырау, Қостанай және Түркістан облыстарында су басқан үйлер су қорғау белдеуінің аумағында орналасқан. Бұл жерде мүдделі мемлекеттік органдар суға жақын маңда құрылыс салуға жер учаскелерін бөлу туралы талаптарды күшейтуі қажет», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, Үкімет басшысы гидротехникалық құрылыстардың жағдайы қатты алаңдататынын айтты.

«Экология министрлігі тек республикалық нысандардың ғана емес көп жылдардан бері қараусыз жатқан коммуналдық және жекеменшік су қоймалары мен бөгеттердің де жөндеу жұмыстарын үйлестіруі тиіс. Ал Индустрия министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын тасқын суды өткізуге дайындау жұмыстарын жалғастыруы керек», - деді Ә. Смайылов.

Бұған дейін Премьер-Министр қыс түскенше су тасқынынан қорғау шараларын аяқтауды, екі аптада су тасқынынан қорғау шараларының жоспарын дайындауды тапсырған еді.