Еске сала кетейік, бірлескен отырыста Үкіметтің былтырғы жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі талқыланған болатын. Жиын барысында депутаттар қойған сауалға тоқтала келе К. Мәсімов екі маңызды мәселені атап өтті. Оның бірі «көлеңкелі» экономика болса, екіншісі сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі болатын. «Көлеңкелі экономика 19,2 пайыз деп жүр, бәлкім бұл бұдан азырақ немесе көбірек те шығар. Ең бастысы, біз көлеңкелі экономиканың барлық елдерде бар екенін білеміз. Ендеше сыбайлас жемқорлықпен қалай күресеміз, көлеңкелі экономикадан қаражатты қалай алып шығамыз деген мәселе күн тәртібінде аса өзекті. Образды түрде айтып көрсек, егер қабырғада қандай да бір тесік пайда болса, ол тесік ұрыны өзіне тартпай қоймайды. Ендеше, онымен күресетін екі жол бар: біріншісі - сол тесікке күзетші қойып, ұрыны ұстау. Бұл - қатаң жазалау тәсілі. Екінші тәсіл - сыбайлас жемқорлық әрекеттерге мүмкіндікті болдырмау, көлеңкелі экономика үлесін төмендету үшін әлгі тесікті жабу», - деді Үкімет басшысы.
Премьердің пайымынша, біз үшін ең ыңғайлы тәсіл екіншісі, яғни қабырғадағы «тесікті» жабу тәсілі. Бұл нені білдіреді? «Бұл дегеніңіз - бизнесті, экономиканы жүргізу үшін процедураларды оңтайландыру, жеңілдету деген сөз. Осыған орай, бізде бірқатар бастамалар, оның ішінде заңнамалық бастамалар да бар. Осы заңнамалар арқылы жағдайды түбегейлі өзгертетін боламыз. Мысалы, ауыл шаруашылығындағы салық салуды алайық. Кейде салық салу, есептілік мәселесі күрделі болатыны соншалықты, шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін заңды жұмыстан гөрі көлеңкеде қызмет ету оңайға соғатын тәрізді. Біз сондықтан да, проблеманы азайту үшін үдерістерді жеңілдететін ұсыныспен Парламентке келмекпіз», - деді К. Мәсімов.