Премьер-Министр Үкімет мүшелеріне мобильді планшеттерді пайдалануды тапсырды

АНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет мүшелеріне мобильді планшеттерді пайдалану керектігін айтты.

«Соңғы рет ескертемін, Үкімет мүшелері байланыс планшеттерін өздерімен бірге алып жүрулері тиіс»,- деп тоқталған Премьер-Министр, «маған хат-хабар жібергендерге 10 минуттың ішінде жауап қайтарамын. Ал кейбір Үкімет мүшелерінен жауап алмағалы үшінші күн болды. Осы орайда соңғы рет ескертемін, тапсырма орындалуы тиіс»,-деді.

Естеріңізге сала кетейік, қазанның 26-сы күні Астанада 4 G ілкі жобасын таныстыру кезінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Үкімет мүшелері енді мобильді планшеттер арқылы байланысатындарын айтқан болатын.

Айта кетейік, мобильді планшеттер интернет желісі арқылы хат-хабар түрінде байланысқа шығуға, бейне және дыбыс жазбаларды көріп, тыңдауға, электронды кітапшаларды қарауға мүмкіндік беретін шағын компьютерлер санатына жатады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қыркүйектің 21-і күні Үкіметтің Байланыс және ақпарат министрлігінде өткен көшпелі отырысында Премьер-Министр министрліктердің және агенттіктердің басшыларын Үкімет басшысының тапсырмасын шұғыл түрде алып отыруға мүмкіндік беретін электрондық жаңашылдықтарды пайдалануға шақырған болатын. Премьер-Министр бұл орайда министрліктер мен агенттіктердің басшылары, соның ішінде өзі де, «құпия емес» электронды пошталарын BlackBerry-ге (бұның көмегімен ұялы телефон арқылы электронды поштаны пайдалануға болады) шығару қажет деп есептейтінін жеткізген еді. Осы орайда К. Мәсімов Байланыс және ақпарат министрлігіне Премьер-Министрдің кеңсесімен, сондай-ақ «Қазақтелеком» команиясымен бірлесіп бұл мәселені пысықтауға бір апта уақыт берген болатын. К. Мәсімов қарамағындағыларға тапсырма жүктеу үшін бұл қызмет түрін пайдалануға құлықты екенін және қарамағындағылар да осы қызмет түрі арқылы өзіне тікелей өтініш жасай алатынын атап көрсеткен.

Оның пікірінше, ақпараттандыру үдерісін Үкімет мүшелері алдымен өзінен бастамаса, іс бір орнынан қозғалмайды. «Біз бұл мәселені орнынан қозғауымыз керек. Мен мемлекет басшыларының, үкімет басшыларының автомобильде отырып «құпия емес» пошталарды пайдаланғанан көрдім», деген болатын Үкімет басшысы тапсырманы беріп тұрып.