Премьер-Министрдің қатысуымен Астана вокзалынан «Денсаулық» пойызы сапарға аттанды
«Денсаулық» пойызы шалғайда орналасқан стансылар мен разъездерде тұратын адамдарға қол жетімді білікті медициналық көмек көрсету үшін шығарылды. Мұндай пойыздың жасақталуына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі мұрындық болды.
К.Мәсімов атап көрсеткендей, Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкімет, құзырлы министрлік пен «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы денсаулық мәселелері бойынша бірнеше нақты істерді қолға алып, жүзеге асырды.
«Азаматтарымыздың денсаулығы - Мемлекет басшысының бізге айқындап берген басымдығы. Біз бүгін мына тамаша пойызды сапарға аттандыратын боламыз. Әрбір адам өзіне деген қамқорлық пен ілтипатты сезіну үшін пойыз медициналық көмектерді еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан теміржолшыларға ғана емес, барша азаматтарымызға көрсететін болады», - деді ол.
Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, алдағы уақытта осындай тағы екі пойыз жасақталатын болады.
Қарағанды, Павлодар, Защита, Өскемен, Ақмола, Қостанай, Павлодар бағыттарына бет алған медициналық пойыз барлығы 57 стансыға, әр қайсына екі күннен тоқтап, Астанаға 120 күннің ішінде оралатын болады. Облыстар мен ірі орталықтарда медициналық персонал ауысып отырады.
Тегін медициналық қызметпен 45 мыңға жуық адамды қамту қарастырылып отыр. Оларға бірінші және жоғары дәрежелі біліктіліктері бар - терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург пен уролог қызмет ететін болады. Ең бастысы, пойыз, заманауи зертханалық-инструменталды зерттеу аппараттарымен жарақтандырылған. Олардың ішінде қан мен зәрді биохимиялық сараптау, рентген және флюрография, ішкі ағзаларды ультрадыбыспен зерттеу, сондай-ақ жүрек, асқазан және басқа да органдарды тексеру құралдары бар. Сондай-ақ вагондарда аппараттардың температурасын бір қалыпта ұстап тұру үшін арнайы ауа баптағыштар мен суды зарарсыздандыру құралдары орналастырылды.
Пойыз тіркемесінде барлығы 9 вагон, олардың 4-уінде - емдеу және диагностика жасалады, 2-уі - медициналық персоналдың жатын орны, 1-уінде медпрепарттар сақталған болса, қалған екеуінің біреуі - асхана мен автономды энергиямен қамтамасыз ететін вагондар.