Премьер-лигада «Ақтөбе» мен «Қайрат» көш бастады

Фото: Фото: fcaktobe_official/Instagram

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 2 маусымда футболдан Қазақстан Премьер-лигасы оныншы туры мәресіне жетті.

Екінші ойын күнінде алматылық «Қайрат» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасын қабылдады. 

Алматылық клуб биыл үздіктер қатарынан көрініп жүрсе, қарағандылық ұжым сәтсіз ойынымен турнир кестесінде көш соңындағы орынның бірін місе тұтып жүр.

Кездесу барысында «Қайрат» қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті.

Биыл бас жүлдеге үміткер ретінде саналып жүрген «Ақтөбе» бұл жолы сүрінген жоқ.

Сырт алаңда Түркістанның «Тұранын» 1:0 есебімен сүріндіріп, турнир кестесінде 18 ұпаймен бірінші орынға көтерілді.

Одан кейінгі орындағы «Қайрат» та дәл осындай ұпай жинады.

Сондай-ақ елордалық «Жеңіс» «Атырауға» 0:1 есебімен жол берсе, «Қызылжар» (Петропавл) мен «Елімай» (Семей) 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Еске салсақ, бұдан бұрын өз алаңында «Ордабасы» «Жетісудан» 3:1 есебімен басым түссе, «Тобыл» «Қайсарға» 1:2 есебімен есе жіберді. 

Енді алдағы он бірінші тур ойындары 15 және 16 маусым күндері өткізіледі.