Премьер-министр аэротакси мен басқа да ұшу аппараттарына қатысты тапсырма берді

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрлігі маусым айының соңына дейін қалалық әуе ұтқырлығы мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қабылдауды қамтамасыз етуі керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: jobyaviation/instagram

— Көлік министрлігі осы жылдың соңына дейін Азаматтық авиацияны дамытудың 2050-ші жылға дейінгі мастер-жоспарын (САМР-2050) бекіту жөнінде шаралар қабылдасын. Шағын және өңірлік авиацияны, пилотсыз әуе көлігін дамыту, сондай-ақ жаңа баламалы отынды пайдалану мен сақтаудың озық технологияларын енгізу шаралары міндетті түрде көзделуге тиіс. Екіншіден, Еуропадағы EASA және АҚШ-тағы FAA сияқты әлемдік реттеушілер коммерциялық аэротакси аппараттарын сертификаттау қағидаларын әзірлеп қойды. Біз де аэротакси, дрондар мен басқа да ұшу аппараттарының жаңа түрлерін іске қосуға дайын болуымыз керек. Көлік министрлігі биылғы маусым айының соңына дейін қалалық әуе ұтқырлығы (UAM) мәселелері бойынша қажетті заңнамалық түзетулерді қабылдауды қамтамасыз етсін, — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар облыстарының әкімдіктері белгіленген мерзімдерді қатаң сақтай отырып, Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалық әуежайларын биыл уақтылы пайдалануға беріп, сондай-ақ Павлодардағы әуежайды жаңғырту жұмыстарын аяқтауы керек екенін айтты.

— Жалпы алғанда, Көлік министрлігі әуе компанияларымен және әуежай қызметтерімен бірлесіп, өсіп келе жатқан жолаушылар ағынына сапалы, жайлы әрі жедел қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жүргізуі қажет, — деді Премьер-министр.

Бұған дейін қазақстандық әуе компанияларына Таяу Шығыстағы жағдай қалай әсер етіп жатқанын жазған едік

2025 жылы қазақстандық әуе компаниялар 15 млн жолаушы тасымалдады. Биылғы алғашқы 4 айда жолаушылар саны 4 млн-нан асты.