Премьер-министр: Аналық малға субсидия тоқтамау керек
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мал шаруашылығын субсидиялау саясатының негізгі ұстанымдарын атады.
— Еліміздің осы саладағы ішкі мүмкіндіктері толық іске аспай келеді. Өнім өңдейтін кәсіпорындар жарым-жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Сондықтан мал басының санын арттырып, оларды заңсыз әкетуге жол бермей, аналық мал басын субсидиялауды қолдап отыру қажет. Бұл негізгі өнім түрлері бойынша импортты алмастыру мәселесін шешуге де мүмкіндік береді, — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол ветеринариялық қауіпсіздік халықтың денсаулығына тікелей әсер ететінін еске салды.
— Сондықтан өңірлерде сапалы ветеринариялық инфрақұрылым жұмыс істеуге тиіс. Бұдан бөлек, аурудың алдын алу мақсатында ветеринариялық екпелерді уақтылы жүргізу қажет. Сонымен қатар сырттан әкелінетін мал өнімдеріне бақылауды күшейту керек. Саланы цифрландыру мал өнімдерінің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде ашықтықты қамтамасыз етуге тиіс. Биыл жүргізіліп жатқан Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелері цифрлық платформаларға интеграциялануы керек, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, өткен айда ауыл шаруашылығы санағының үйлерді аралау (листинг) кезеңі аяқталғанын жазған едік.