Үкімет басшысы жаңа Ата заң — еліміздің алдағы ондаған жылдағы даму бағдарын айқындайтын негізгі құжат екенін атап өтті.
— Ата заңның қабылдануы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан елімізді жаңғыртудың жаңа кезеңін азаматтарымыздың жаппай қолдайтынын анық көрсетті. Жаңа Конституция экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейтін, озық әрі қарқынды дамудың берік институционалдық негізін қалыптастырады, — деді О. Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Премьер-Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстан жаһандық өзгерістердің көшін қуып жетумен ғана шектелмей, жаңа экономикалық ахуалды қалыптастыратын белсенді қатысушыға айналуы тиіс екенін айтты. Жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы дәл осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Ал олардың түп негізінде жаңа Конституциямыз тұр.
— Барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталды. Жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің барлығы қоғамдағы тұрақтылықты одан әрі сақтау, азаматтардың әл-ауқатын лайықты деңгейде қамтамасыз ету, заң мен тәртіп қағидатын нығайту сондай-ақ қазақстандықтардың озық ойлы әрі жоғары интеллектуалды буынын қалыптастыру үшін негіз болып табылады. Осы тұрғыда жаңа Конституциямыздың сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шараларды қараймыз, — деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек.
Президент қазақстандықтарды Жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.