Премьер-министр бір айда Қазақстанды газдандыру жоспарын жаңартуды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет бір айда елді газдандыруды жеделдету жөніндегі жоспарды қайта қарап, газдандыру деңгейін 80% дейін жеткізуге бағытталған шараларды өзектендіреді. Мұндай тапсырманы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов берді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Президент елді мекендерді газдандыру қарқынын жеделдетіп, көрсеткішті 80%-ға дейін арттыру міндетін қойған еді.

— Энергетика министрлігіне «QazaqGaz» компаниясымен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде газ тарату желілерін кеңейту және салу жоспарларын жаңартуды тапсырамын. Бұл жобаларды толық әрі үздіксіз қаржыландырып, іске асыру мерзімдеріне қатаң мониторинг жүргізу қажет, — деді Олжас Бектенов.

Премьердің айтуынша, жақын арада Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі жеке қаралады.


Айта кетейік, бүгін министрлер кабинеті жаңа Конституцияның күшіне енуі аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысын қарады.

Қазақстанды газдандыру деңгейі 64%-дан асты.