Премьер-министр емтихан кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов балалардың мінез-құлық мәдениетін жан-жақты қалыптастыру жөніндегі жол картасын жедел әзірлеуді тапсырды.

Фото: Үкімет

- Кезекті оқу жылы аяқталды. 200 мыңнан астам түлек үшін бұл – өте маңызды есею кезеңі, емтихан тапсырады, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді, университеттерге түседі. Көпшілігі жазғы демалысқа шығады. Осы жауапты кезеңді тиісті деңгейде әрі қауіпсіз өткізу - барлық мемлекеттік органдар үшін ортақ міндет. Әрбір мектеп оқушысы, әрбір түлек, әрбір студент үшін оқу жылын сәтті аяқтауға және жазғы демалысты толыққанды өткізуге қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Оқу-ағарту, Ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері мен әкімдіктер емтихандар мен мектеп бітіру шаралары кезінде түбегейлі қауіпсіздік шараларын қабылдауы қажет. Өңір әкімдіктері, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері осы аптаның соңына дейін балалардың демалыс және сауықтыру орталықтарының толық дайындығын қамтамасыз етсін, - деді О. Бектенов.

Оның айтуынша, барлық объектілер санитариялық, өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сай болуға тиіс.

- Тағам сапасын, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін, медициналық қолдау және кадрлармен қамтамасыз ету барысын ұдайы бақылауда ұстаңыздар. Балалармен және жасөспірімдермен тәрбие жұмысының маңызына ерекше көңіл бөлу керек. Жаз маусымында жаңа Конституция мен жасанды интеллект негіздерін білім беру жүйесінде оқытуға арналған барлық оқу бағдарламалары мен әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу жұмыстарын аяқтау қажет. Мемлекет басшысы «Адал азамат» буынын дайындау — атап айтқанда, әділ, еңбекқор және жауапты азаматтарды тәрбиелеп шығару міндетін қойды. Сондықтан барлық білім беру-сауықтыру және мектеп жанындағы орталықтардың бағдарламалары балалардың бос уақытын ұйымдастыруға ғана емес, азаматтық, адамгершілік және мәдени құндылықтарды дәріптеу ісіне де бағытталуы керек. «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын, мемлекетке, қоғамға және еңбекке деген құрметті насихаттауға бағытталған шығармашылық және танымдық жобаларды, пікірталас алаңдары мен акциялар өткізу қажет, - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы шеңберінде жазғы жұмыспен қамту бағдарламаларына экологиялық акцияларды, волонтерлік жобаларды, аумақтарды абаттандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау шараларын енгізу қажет.

- Балалар ерте жастан өз ауласындағы, мектебіндегі, ауылындағы, қаласындағы тазалық пен тәртіп үшін тікелей жауапкершілікті сезіне білуі керек. Президент атап өткендей, заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жасампаз патриотизм қағидаттары өскелең ұрпақтың санасында түбегейлі орнығуға тиіс. Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт министрліктеріне балалардың мінез-құлық мәдениетін жан-жақты қалыптастыру жөніндегі жол картасын жедел әзірлеуді тапсырамын. Онда саламатты өмір салты, спортпен шұғылдану, дәстүрлі құндылықтар мен мәдениетті құрметтеу, дұрыс тамақтану, күнделікті өмірде және қоғамдық орындарда қауіпсіз мінез-құлық, жеке гигиена қағидаттары түгел ескерілуге тиіс. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасына назар аударып, мәдениетсіздік пен вандализм көріністеріне белсенді түрде қарсы тұру қажет. Жақында Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше назар аударды. Оны шешуге ерте жастан бастап кірісу керек. Ең алдымен, мінез-құлық мәдениеті, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті дәріптеу, өз елі мен әлем тарихын білу сияқты құндылықтарға баса мән берілуге тиіс, - деді Премьер-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, оқушылардың жазғы демалысы орталықтарына полиция инспекторлары бекітілді.