Премьер-министр қалдықтарды өңдеуге қатысты әкімдіктерге бірқатар тапсырма жүктеді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрі Олжас Бектенов қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары Қазақстанның бірқатар өңірінде жүзеге асырылатынын айтты.
- Әлемнің көптеген дамыған елдері қалдықтарды жинақтаудан біртіндеп тұйық циклды экономикаға көшіп жатыр. Бұл өз кезегінде, электр энергиясын өндіруге және өндірісте қайта пайдалануға болатын шикізат алуға мүмкіндік береді. Тұжырымдама қалыптасқан тәсілдерді өзгертіп, саланың инвестициялық әлеуетін арттыруды және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Осыған орай ұсынылған Тұжырымдама жобасын мақұлдауды ұсынамын, - деді О. Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр Экология министрлігі мемлекеттік органдармен әрі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, Тұжырымдамада жоспарланған іс-шаралардың және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының уақтылы орындалуын қамтамасыз етуін тапсырды.
- Екіншіден, Экология министрлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірге келесі жылы қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарының құрылысын бастауы керек. Үшіншіден, қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкес, қоршаған ортаға эмиссиялар және басқа да экологиялық төлемдер жергілікті бюджетке бағытталып жатыр. Алайда, өңірлер осы қаражат есебінен экологиялық мәселелерді шешу үшін тиісті жұмыс жүргізбей отыр. Осыған байланысты Экология министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірге экологиялық төлемдер есебінен қалдықтарды жинау, қайта өңдеу және кәдеге жарату инфрақұрылымын құру мен қаржыландыру шараларын қабылдауды тапсырамын, - деді Үкімет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев қалдықтардың барлық түрін басқару жөніндегі тұжырымдама жобасын таныстырды.