Премьер-министр өрт қауіпсіздігі туралы: ТЖМ ресми ұсыным берумен шектеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында әкімдіктерге демалыс және мереке күндері жер үйлерге рейд жүргізіп, пештерді тексеруді тапсырды.
— Жалпы еліміздің тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны азайған. Бірақ Атырау, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында оның өскенін байқап отырмыз. Негізгі себеп — халықтың пеш жағу, сондай-ақ газбен және электрмен жылыту жүйелерін қолдану кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Өртке қарсы ережелерді бұзғаны үшін тиімді шаралар қабылдау қажет, — деді үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол білім ошақтарында өрт қауіпсіздігі туралы интерактивті сабақтар өткізуді тапсырды.
— Демалыс және мереке күндері тұрғын үй секторында рейдтер жүргізіп, жылыту пештерін тексеру қажет. Бұл іске әкімдік қызметтері мен ішкі істер министрлігінің қызметкерлерін де тарту керек. Рейд пен тексеру барысында өрт шығу қаупі бар және жылыту жүйесі дұрыс жұмыс істемейтін үйлер анықталуға тиіс. Аталған фактілер орын алған жағдайда оларды жою бойынша жедел шаралар қабылдаған жөн. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі тек ресми ұсынымдар берумен шектеліп қалмауы керек. Бұл — ең алдымен адамдардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сондықтан өте нақты әрі үйлесімді жұмыс қажет, — деді Олжас Бектенов.
Айта кету керек, Үкіметтің бүгінгі отырысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары пысықталып жатыр.