Премьер-министр үш министрлікке газ баллондарының өндірісін ұйымдастыруды тапсырды

Фото: ҚР ТЖМ бапасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында Энергетика министрлігіне газ баллондарының айналымын бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырылды.

— Тұрмыстық өртпен қатар газ баллондарының жарылу жағдайлары да тіркелуде. Былтыр осындай 70-тен астам оқиға орын алып, шашамен 90 адам зардап шекті. Жарылыстардың негізгі себебі — баллондарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы. Бұдан бөлек, 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40-50 жыл бойы пайдаланылып келеді, бұларды дереу ауыстыру қажет. Осы күнге дейін пайдалану мерзімі өтіп кеткен тұрмыстық баллондарды алып қою және кәдеге жарату тәртібі әзірленбеген. Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге газ баллондарының айналымын бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырамын, — деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Сондай-ақ, ол газ баллондарын өндіру мәселесі де ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқанын атап өтті.

— Бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Өнеркәсіп, Ұлттық экономика және Экология министрліктеріне осы жылдың соңына дейін Қазақстанда баллон шығару мәселесін шешуді тапсырамын, — деді Үкімет басшысы.

Айта кету керек, Үкіметтің бүгінгі отырысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары пысықталып жатыр.