Президент 2015-2020 жылдарға отбасылық қатынастарды нығайту шараларының жалпыұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы өзінің Әкімшілігі мен ҚР Үкіметіне екі айдың ішінде 2015-2020 жылдарға арналған отбасылық қатынастарды нығайту бойынша шаралардың жалпыұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл тапсырманы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде жүктеді.

Бүгінде жастарда моральдық-өнегелілік, рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселесі өзекті екеніне тоқталған Президент, жақсы отбасыларда тәрбие алған жасөспірімдер күдікті теріс ағымдардың жетегінде кетіп қалатын жағдайлар кездесіп жататындығын атап өтті.

«Бұл - бүгінгі заманның қауіп-қатері, сондықтан да олар мемлекет пен қоғамның жүйелік шараларды қабылдауын талап етеді. Осы орайда Қазақстан Республикасы бойынша 2015-2020 жылдарға арналған отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту тұрғысында шаралардың жалпыұлттық жоспарын әзірлеу керек», - деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл жоспар қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен барлық кешенді жұмыстарды қамтуы тиіс екенін атап өтті.

«Президент Әкімшілігі мен елдің Үкіметіне екі айдың ішінде осындай ұсынысты енгізуін тапсырамын», - деп түйді Н. Назарбаев.