«Ұлтымыз қарқынды дамуы үшін қазіргі өзекті проблемалар жөнінде шынайы көзқарас қалыптастырып, ашық пікір алмасу маңызды. Бізге алдамшы жеңістер мен жетістіктерге әуестеніп кетудің қажеті жоқ. Өз-өзіңді алдауға, мадақтауға болмайды. Бұл – ыдырауға және құлдырауға әкеп соқтыратын төте жол. Сонымен қатар сөз бостандығына арқа сүйеп, елімізде ештеңе өзгермейді-мыс, ахуал мүшкіл деп жағдайды үнемі ушықтыра беру қажет емес. Бұл шындыққа сай келмейді. Кемшіліктер бар, бірақ жағдай тым мүшкіл емес. Мұндай ақпарат адамдарға көмектеспейді, керісінше оларды күйзеліске ұшыратып, қоғамда апатия тудырады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы оң өзгерістер күнделікті қажырлы еңбекті талап ететінін атап өтті.
«Біз Әділетті Қазақстан құруға ұмтыламыз. Бұл – бос идеологиялық абстракция емес, шынайы жалпыұлттық таңдау. Біз зор сенім артып, күш-қуатымызды аянбай жұмсайтын асқақ мұрат түбі шындыққа айналады», - деді Қ.Тоқаев.